Мекен жайы Астана қ., Қонаев көш., 10 үй, 7 қабат
Call-center 8 (7172) 60-30-30
8 (7172) 60-32-52
3043 / 02.08.2011 00:00

Биік белесті бағындырған ұжым

Жылжымалы құрамдарға тартымдық қызмет көрсетіп, темір жолдағы атан түйенің қызметін атқарып жүрген локомотивтердің техникалық тұрғыдан «денсаулығының» сыр бермеуі аса маңызды. Көктемде және күзде өтіп тұратын комиссиялық байқау локомотивтердің ақаулықтарын, кемшіліктерін уақытылы анықтап, олардың ушығып кетпеуінің алдын алуға негізделген. Біз бүгін осы жылғы көктемгі комиссиялық байқау барысында 2-ші топ локомотив пайдалану деполарының арасында бірінші орынды иеленген жамбылдық локомотившілердің үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында бағындырған көрсеткіштері төңірегінде әңгімелемекпіз.

Алты айда алған асулар

Өткен аптада елордасы Астанада «ҚТЖ» ҰК» АҚ президентінің төрағалығымен ел аймақтарындағы жол бөлімшелері және Ұлттық компанияның еншілес кәсіпорындары басшыларының басын қосқан кеңейтілген мәжіліс өтіп, онда Компанияның бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары мен қол жеткізген жетістіктері, түйткілді мәселелері таразы басына түскен еді. Осы жиында «Локомотив» АҚ президенті М.Медеубаев та есеп беріп, локомотив тартымы мен бригадаларына қатысты тасымал көлемінің ағымдағы жылдың алты айындағы межесі толық орындалып, алға қойған міндеттер жүзеге асырылғанын мәлім еткен болатын. Міне, осы атқарылған жұмыс көлемінде Жамбыл локомотив пайдалану депосының да сүбелі үлесі бар. Сөзіміз сүйекті болу үшін нақты сандарға сүйенейік.

Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда жұмыс көлемінің 4,8 пайызға өсе түскеніне қарамастан, локомотивтердің тонна-километрге шаққандағы жұмыс көлемі техникалық жоспар бойынша 105 пайызға жетіп жығылған. Локомотивтердің жалпы жүрісіне қатысты жоспар көрсеткіші де көңіл тоғытарлық -109,4 пайыз. Бұл дегеніміз – локомотивтердің бос жүрісіне жол берілмей, нақты жұмысқа жұмылдырылып, үнемді, аз жүріспен көп іс тындырған. Бұл сөзімізге пойыздың орташа салмағына қатысты жоспардың да 100,74 пайызға, ал орта тәулік ішіндегі локомотив өнімділігінің 103,26 пайызға орындалғаны дәлел бола алады.

Өндірістік көрсеткіштердің өнімділігі өз кезегінде қаржылық көрсеткіштің көтеріңкі болуына да оң септігін тигізген екен. Депо қаржыгерлері қаржылық көрсеткіштің жақсаруына локомотив-сағат көлемінің артуы ықпал еткенін айтып отыр.

Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы

Қасиетті Әулие-ата жерінде Әбдібай ұлы Жапар Исаевты білмейтін теміржолшылар кем шығар. Бүгін асқаралы алпыстың асуына көтерілгелі отырған Жапар Исаевтың Жамбыл локомотив пайдалану депосының тізгінін ұстап, қызығы мен шыжығын бірдей көріп, басқарып келе жатқанына он жылдан астам уақыт өтті. Еңбек жолын Ташкент темір жол көлігі инженерлері институтын тәмамдағаннан кейін Жамбыл локомотив депосында машинист көмекшісі болып бастаған ол жылдар тезінде мол тәжірибе жинап, тепловоз машинисі, машинист-нұсқаушысы, Қаратау айналым депосында техникалық бөлім бастығы, кейін осы депо басшысы қызметтерін атқарды. Тәжірибесі толысып, білімі біліктілігімен үндескен, іскерлігі алғырлығымен астасқан Жапар Әбдібайұлы 2000 жылы Жамбыл локомотив пайдалану депосына директор болып тағайындалып, темір жол көлігіндегі еңбек жылдарында өндірістік көрсеткіштерді орындап, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысқаны үшін 2001 жылы «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталады. Кез келген теміржолшының қолы жете бермейтін мәртебелі атаққа асқақтамай, қайта бұл дәреже оған жауапкершілікті бұрынғыдан да арттыра түскенін сезінді. Өзіне де өзгеге де талапшыл басшы жұмыста орынды талап пен қатаң бақылауды күшейтудің арқасында берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап, соның жемісі ретінде 2003 жылы «Үздік басшы» атанды. Сөзден гөрі істі жақсы көретін байсалды басшы өзінен бұрын өзгелердің еңбектерін айрықша атап, ұжымын ұлықтағанды жөн көреді.

«Менің қол жеткізген жетістіктерімде осы ұжымдағы әр қызметкердің үлесі бар. Сондықтан менің жетістігім ұжымның, ал ұжымның жетістігі менікі деп білемін. Ынтымағы жарасқан ұжымға басшы, ұстаз болудың өзі бір ғанибет!» – дейді депо директоры. Біз де ұстазы жақсы ұжымның ұстанымы жақсы екенін депоның бүгінгі тыныс-тірлігінен айқын байқағандай болдық.

Қозғалыс қауіпсіздігі – қашан да күн тәртібінде

Жамбылдық локомотив бригадалары пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында аянбай еңбек етіп, ел аймақтарында болып жататын оқиғалардан сабақ түйіп, қауіп-қатерге жол бермеуді мақсат етіп келеді. Талап бар жерде тәртіп, тәртіп бар жерде жауапкершілік жоғары болмақ. Осы қағиданы зердесіне түйген депо жұмыскерлері өткен және биылғы жылдың алты айында бірде-бір ақау оқиғасына, көлденеңнен келетін келеңсіздіктерге жол бермей, табысты қорытындылады. Бірақ, пойыз жұмысын қиындатқан бір ағаттықтың орын алғаны рас. Ол Жамбыл – Луговой телімінде №3149 жүк пойызының кідіріп қалуы еді. Оқиғаның орын алуына аталған пойызға электртартымы қызметін көрсеткен №2403 ВЛ80С электровозының локомотив бригадасының №698-Ц бұйрығы талаптарының бұзылуы, сондай-ақ, желілік контакторлардың электрлік сұлбасындағы электрлік қоректендірудің жоғалып кетуін іздеу барысында локомотив бригадасының төмен техникалық білімі себеп болған. Жамбыл локомотив пайдалану депосының мамандары жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүргізушілердің темір жол өткелдерінен өту ережелерін бұзу салдарынан адамдарды басып кету және жол көлік оқиғаларының орын алуы азаймай тұрғаны алаңдатып отырғанын айтады. Адамдардың пойызға басылып қалуынан ет пен сүйектен жаралған машинистер мен олардың көмекшілерінің көңілдері бұзылып, күйзеліс алатын болса, ірі қара малмен және техникалармен соқтығысудан локомотивтер зиян шегіп, үлкен шығынға ұшырайды екен.

– Қозғалыс қауіпсіздігін сақтау біздің депода күн тәртібінен түскен емес. Біз өзіміздің локомотив бригадаларының немесе өзге өңірлердегі әріптестеріміздің тарапынан жіберілген қателіктер мен кінәраттарды техникалық сабақтарда және жұмыс жиналыстарында ортаға салып, талдап отырамыз. Локомотив бригадаларына тренажерларда практикалық оқулар жүргізуге, қауіпсіздікке қатысты нұсқамалар өткізуге барлық жағдай жасалған. Олардың білімін толықтырып, жетілдіріп отыру үшін техникалық бюллетендер шығарамыз, локомотив бригадаларына тиесілі бұйрық-ережелердің жатқа білуін пысықтап, машинист-нұсқаушылар тарапынан нұсқамалардың сапалы жүргізілуін қадағалап отырамыз, – деп сөзін түйіндеді депо директоры.

Депо басшысының сөзінде ешбір ағаттық жоқ екеніне «Л окомотив» АҚ-ның 2011 жылғы 1-ші ақпандағы №49АОТ-ның Көтермелеу туралы бұйрығын қолымызға алғанда тағы бір көз жеткізгендей болдық. Онда «Локомотив» АҚ президентінң 2010 жылғы 23 қаңтардағы №23-АСТ бұйрығымен бекітілген «Локомотив» АҚ филиалдарында қауіпсіздік және еңбек қорғау саласындағы жұмыстардың үздік ұйымдастырылуына байқау-сайыс өткізу туралы ережесінің негізінде «Еңбек қорғау бойынша үздік бөлме» номинациясын жеңіп алғандар қатарынан Жамбыл локомотив пайдалану депосы табылса, аталған жұмысты үздік ұйымдастырғаны үшін депо директоры Ж.Исаев Құрмет грамотасымен марапатталған.

Сұлугүл БАКЕСОВА 

Поделиться:
Популярные новости
1953 / 20.11.2017

Локомотивтер қысқа дайын

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ локомотив паркі қыс маусымында жұмыс істеуге толық дайын. Компанияның локомотив пайдалану деполарында локомотивтердің техн...

3538 / 30.05.2012

Теміржолшылар сақ болуға шақырады

Қайыржан ТӨРЕЖАН Бүгінгі күні қайғылы жағдайларға соқтыратын әртүрлі төтенше оқиғалар сияқты теміржол бойындағы оқыс оқиғалардың статикасы да ...

2693 / 27.03.2012

Сергектік айқындау ушін

Наурыз мейрамын тойлау желеуі Орал қаласының қанаушылықты локомотивті депо қызметкерлері тепловоз жүргізуші Александр Прусс және оның көмекшісі ...

Соңғы жаңалықтар

Горячая линия

Вы можете сообщить о любых нарушениях Кодекса поведения в том числе о фактах коррупции, мошенничества, неэтичного поведения, дискриминации

Толығырақ


Серіктестер